Қазақстандық шорттрекшілер Олимпиаданың эстафета сайысына жолдама алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шорт-тректен Қазақстан ерлер құрамасы Пхенчхандағы Олимпиада ойындарының эстафета сайысына жолдама алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
ҚР Ұлттық олимпиада комитетінен мәлім еткендей, Халықаралық конькишілер одағынан осындай ресми рұқсат келген.
Бұған дейін Қазақстан құрамасы 1500 метр қашықтықта тағы бір шорттрекшінің қатысуына мүмкіндік алған болатын. Осылайша, Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстаннан жеті шорттрекші (бес ер, екі әйел адам) өнер көрсетпекші. Ұлттық құрама Каннын қаласындағы олимпиада қалашығына 3 ақпан күні жетеді.
Айта кетейік, Сочи олимпиадасында негізін батысқазақстандықтар құраған Қазақстан ерлер құрамасы 5 мың метрлік эстафетада финалға шығып, бесінші орынды иеленген болатын. Енді осы көрсеткішті жақсартуға Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мәдіғали Қарсыбеков бастаған мамандар баптайтын шорттрекшілерге тағы бір мүмкіндік беріліп отыр.
Олимпиаданың ашылу салтанатында Қазақстан туын батысқазақстандық шорттрекші Абзал Әжіғалиевтің алып шығатыны да белгілі.