18:19, 06 Қыркүйек 2010 | GMT +5
Қазақстандық шоу бизнестің деңгейі өкінішке қарай, жоғары емес - Баян Есентаева
АЛМАТЫ. Қыркүйектің 6-сы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Қазақстандық шоу бизнестің деңгейі өкінішке қарай, жоғары емес. Біздегі шоу бизнес қабілетіміздің келгенінше дамуда, деді бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында белгілі продюссер Баян Есентаева.
Оның айтуынша, шоу бизнесте жүрген адамдар бір-бірінен ғана үйреніп, тәжірибе жинақтауда. «Тәжірибе жинау үшін ең алдымен көбірек шет елдерге шығу керек. Қарым-қатынас жасау, танысу керек, байланыс орнату қажет», деді ол. Продюссердің айтуынша, біздің өзіміздің индустриямыз да, технологияларымыз да жоқ.
«Бізден көпшілік неге шет елден, мысалы Америкадан мықты операторлар әкелмейсіңдер, сапалы бейне роликтер жасамайсыңдар, неге Лондонда фонограммаларыңды жазбайсыңдар деп сұрайды. Ал кететін шығын, менеджмент бизнеске сай өзін өзі ақтамайды. Өйткені, ондай думанға арналған бізде үлкен концерттік алаңдар, стадиондар жоқ», деді ол.