Қазақстандық скрипкашы Трамптың жарлығынан соң АҚШ-тағы концертінен бас тартты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық скрипкашы Айша Оразбаева Трамптың жарлығынан соң Чикагода өткелі отырған алғашқы концертін өткізбейтін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Slippedisc-ке сілтеме жасап.
«Қазақстандық скрипкашы Айша Оразбаеваның Чикагода белгіленген алғашқы концертін тыңдағым келіп, қатты күтіп жүр едім. Бірақ ол маған хабарласып, ол концертті өткізбейтін болғандығын айтты. Бұның алдында ол пианист Джозеф Хьюстонмен бірге АҚШ бойынша турне өткізуді жоспарлаған болатын», - дейді чикаголық ән сыншысы әрі концерт ұйымдастырушысы Питер Маргасак.
Скрипкашы қыз өзінің концертінен бас тартуына Трамптың 27 қаңтарда қабылданған жарлығы себеп болғанын және бұл әрекетке қарсылық ретінде жасалып отырғанын мәлім еткен. Трамптың аталмыш жарлығына сәйкес, дипломатиялық визалар мен НАТО және БҰҰ желісі арқылы алынған визалардан бөлек, Иран, Ирак, Ливия, Сомали, Судан, Сирия және Йемен азаматтарына АҚШ аумағына кіруіне тыйым салады. Жарлыққа сәйкес, АҚШ-қа босқындардың келуіне 120 күндік мораторий жарияланды. Сонымен қатар белгісіз мерзімге сириялық босқындарға келуге тыйым салынды.
«Мұсылман елдерінің азаматтарына елге кіруге тыйым салынғанын оқығанда, сонымен қатар жеті босқын Джон Ф. Кеннеди әуежайына ұшқалы тұрған ұшақтан түсірілгенін, Грин картасы бола тұра Иран азаматына АҚШ-қа келуге рұқсат берілмегенін оқып, егер менің пианисім Иран азаматы болғанда маған да ұшақтан түсуге тура келер еді деген ойлар келді. Осының барлығын «The Guardian» газетінен оқи отырып, мен АҚШ-қа бара алмайтынымды ұқтым», - деп жазған Айша Оразбаева Питер Маргаскаға жолдаған хатында.
Оның сөзінше, бұл шешім оған оңайға соқпаған.
«Неге мәдениет саласында қызмет ететін маған елге кіруге рұқсат береді де, Сирия азаматтарына тыйым салынады? Айырмашылық неде? Мен мәдени демалыс беремін, ал олар көмек сұрап келеді. Бұл бір сұмдық қой», - дейді қазақстандық өнерпаз.
Өз кезегінде Питер Маргасак қазақстандықпен келісетінін жеткізді: «Мен оның шешімін толықтай қолдаймын».
Алматылық Айша Оразбаева Лондон корольдік академиясын тәмамдаған. Онда ол «Болашақ» бағдарламасымен білім алды. Оны классикалық музыканың жаңа жұлдызы деп бағалауда.
Айша Оразбаеваның концерттері Испания, Италия, Австрия, Ұлыбритания елдерінде өтті.