Қазақстандық спорт киімдері «ZIBROO» брендімен Ресейге экспортталады - 7 млн еуроға келісімшарт жасалды
АСТАНА. 6 маусым. ҚазАқпарат - Отандық спорт киімдерін шығарушы - «КазСПО-N» компаниясы «ZIBROO» брендімен өз өнімдерін Ресейге шығару жөнінде жалпы сомасы 7 миллион еуроға ұзақ мерзімді келісімшарт жасады. Бұл туралы «Kaznex Invest» АҚ баспасөз қызметі хабарлайды.
Келісімшартқа Ресей аумағында кәсіби спорт мүкаммалын сатуға және керек-жарақпен қамтамасыз етуге мамандандырылған Шаңғы керек-жарақпен қамтамасыз ету орталығымен (Мәскеу) қол қойылды. Экспорттық келісімшартқа 2014 жылғы Сочидегі қысқы олимпиада ойындарының қарсаңында ұйымдастырылған қысқы спорт ойындары түрлері, туризм және белсенді демалу бойынша 9-шы Халықаралық конгресінде қол қойылды. Бұл іс-шарада «КазСПО-N» компаниясы «Kaznex Invest» агенттігінің қаржылық және ұйымдастырушылық қолдауымен әлеуетті сатып алушыларға өз спорт және тау шаңғысы киімдерінің жаңа топтамасын ұсынды.
Шаңғы керек-жарақпен қамтамасыз ету орталығымен уағдаластыққа сәйкес осы жылдың соңына дейін жалпы сомасы 600 мың еуроға Ресейдің 10 аймағына - Мәскеу, Қазан, Ижевск, Сыктывкар, Тюмень, Петрозаводск, Ухта, Тула, Киров, Череповец, сондай-ақ, Белоруссияға «ZIBROO» отандық брэндімен киім жеткізіледі деп күтілуде. 2014 жылы экспорт көлемі 1,2 миллион еуроны құрайды, ал сату желісі Ресейдің 15 аймағына дейін кеңейеді, 2018 жылы бұл көрсеткіштер 5 миллион еуроны құрайды және 20 аймаққа тарайды.