10:21, 01 Шілде 2013 | GMT +5
Қазақстандық спортшылар аралас жекпе-жектен Ресейде өткен халықаралық турнирде 3 күміс, 3 қола еншіледі
АЛМАТЫ. 1 шілде. ҚазАқпарат - Ресейдің Брянск қаласында 26-28 маусым күндері аралас жекпе-жектен «Қалқан мен қылыш» халықаралық турнирі өтті.
Қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан арнайы бөлім қызметкерлерін еске түсіруге арналған бұл жарыста ел намысын «Профи-файт» кәсіби жауынгерлік спорттық джиу-джитсу ұлттық федерациясының спортшылары қорғады. Федерация вице-президенті Қанат Тілеумбетовтің айтуынша, «Альфа» арнайы бөлімшесінің басшылығы қазақстандық жауынгерлердің дайындығына жоғары баға берген. Онда Алматы, Талдықорған, Павлодар қалаларының қыз-жігіттерінен құралған қазақстандықтар өз қоржынына 6 медаль салып қайтты. Атап айтқанда, Ақжарқын Байтұрбаева, Темірлан Айсадилов пен Сергей Ищук - күміс, Альбина Жақыпова, Ержан Ердәулет пен Дмитрий Мостовщиков қола жүлдегер атанды.