Қазақстандық спортшылар Геннадий Головкинді туған күнімен құттықтады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның танымал спортшылары Геннадий және Максим Головкиндерді туған күндерімен құттықтап, арнайы бейнесәлемдеме жолдады. Бұл туралы Геннадий Головкиннің ВКонтактедегі ресми парақшасында хабарланды.
Бейнесәлемдемеде кәсіпқой боксшы Иса Ақбербаев, шахматтан әлемнің үш дүркін чемпионы Динара Сәдуақасова, Олимпиаданың екі дүркін жеңімпазы Илья Ильин, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, палуан Гүзел Манюрова, «Барыс» хоккейлері Талғат Жайлауов, Брендон Боченски, Кевин Даллмэн мен Дамир Рыспаев, шорт-тректен ұлттық құраманың мүшесі Денис Никиша, сонымен қатар дзюдошыларымыз Максим Раков, Азамат Мұқанов, Елдос Сметов, ауыр атлетшілер Майя Манеза, Вячеслав Ершов, футболшы Самат Смаков және тағы басқалары бар.
Айта кетейік, Геннадий Головкин 33 жасқа толып отыр. Әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Геннадий кәсіпқой бокста 32 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен, ал оның 29 кездесуін нокаутпен аяқтады. Оның келесі жекпе-жегі 16 мамырда Лос-Анджелесте Вилли Монроға қарсы өтеді.