Қазақстандық спортшылар Мароккодағы Гран-приде сынға түседі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 9-11 наурыз күндері Мароккода дзюдодан алғаш рет әлемдік Гран-при кезеңдері өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстандық спортшылар Мароккодағы Гран-приде сынға түседі

ҚР Дзюдо федерациясының таратқан мәліметіне сүйенсек, екі күнге созылатын жарысқа 43 елден 284 дзюдошы қатыспақ. Олардың қатарында Қазақстанның ерлер құрамасы да бар.

Аталған додада елімізден 13 татами шебері бақтарын сынайды.

Атап өтсек, 60 келі салмақта екі отандасымыз Ғұсман Қырғызбаев пен Мағжан Шамшадин ел намысын қорғаса, 66 келі салмақта Ерлан Серікжанов пен Ерлан Жақсыбеков сынға түседі. Ал 73 келі салмақта Бекәділ Шаймерденов пен Азамат Мұқанов жарыс көрігін қыздырмақ. Сондай-ақ, 81 келі салмақта Дидар Хамза сынға түссе, 90 келі салмақта Ислам Бозбаев пен Даулетхан Жақыповтың өнерін тамашалайтын боламыз.

100 келіге дейінгі салмақта Виктор Демьяненко мен Жасұлан Мұхаметханов өз шеберліктерін көрсетсе, аса ауыр салмақта Еламан Ерғалиев пен Санжар Жабборов сынға түсетін болады.