08:07, 23 Ақпан 2009 | GMT +5
Қазақстандық спортшылар жүзуден Өзбекстанның ашық чемпионатына қатысады
ТАШКЕНТ. Ақпанның 23-і. ҚазАқпарат /Расул Бахамов/ – Ақпан айының соңында Ташкентте жүзуден Өзбекстанның ашық чемпионаты өтеді.
Бұл жарысқа өзбек спортшыларымен қатар қазақстандық жүзгіштер де қатысқалы отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Алматыдан Ташкентке Қазақстанның жасөспірімдер құрамасының (жастары 18-ге дейінгі) мүшелері келіп те қойды. Олардың соңынан бірінші құрама (ерлер мен әйелдер командалары) да келеді деп күтілуде. Біздің жүзгіштер жүзудің барлық түріне қатысады және барлық қашықтыққа жүзеді деп жоспарлануда. Бұған дейінгі Ташкентке келген сапарларында жерлестеріміз жақсы нәтижелер көрсетіп келген. Өзбек спортшыларының тәлімгерлері қазақстандықтардың келуін өз спортшылары үшін жақсы ынта деп санап отыр, сондықтан да жүзу жолдарында қызу тартыс болады деп күтілуде.