Қазақстандық студенттер АҚШ-та «Мэтью» дауылына кезігіп қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үш қазақстандық азамат АҚШ-тың Флорида штатында «Мэтью» дауылының ошағында қалып қойды. Олардың барлығы Нью-Йоркте білім алып жүрген алматылықтар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Майамиге студенттер демалу үшін келген. Ал, кері қайтуға оларға дауыл кедергі болған.
Дауылдың суреттерін бүгін «Хабар» телеарнасының редакциясына табиғаттың дүлей күшіне тап болған студенттердің бірі - Шыңғыс Қуантаев алып келді. Ол өзінің екі отандасымен бірге Майами әуежайында болғандығын айтады. Ол жерде саяхатшыларға тамақ пен жатын орын дайындап берген.
Қазіргі таңда Атлантика жағалауларын миллиондаған адамдар тастап кетіп жатыр. АҚШ-тың дауылдарды болжау орталығы дауылдың салдарынан биіктігі 5 метр болатын толқындар көтерілуі мүмкін екендігін ескерткен. Мұндай қуатты жел Флорида жағалауларында 2004 жылдан бері болмаған.
Қазақстандықтардың сөзінше, оларды әуежайдан шығармайды. Барлық рейстер тоқтатылған, жолдар жабық. Ал, біздің жерлестеріміз қашан Нью-Йоркке кері қайтатыны белгісіз. Олар біздің елшіліктен көмек сұрамаған. Өйкені әзірге көмекті қажет етпейді.