Қазақстандық студенттер БҰҰ-ның кедейшілікпен күрес жөніндегі конференциясына қатысып қайтты
АЛМАТЫ. Тамыздың 11-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ - Біріккен Ұлттар Ұйымы әлем жастарына арналған конференция - БҰҰ бірінші Жаһандық Үлгісін ұйымдастырды. Үстіміздегі жылғы тамыздың 5-7-сі аралығында Женева қаласында өткен бұл жиынға елімізден алматылық екі студент қатысып қайтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат БҰҰ-ның Қазақстандағы ресми өкілдігіне сілтеме жасай отырып.
Үш күнге созылған форум жұмысына әлемнің 70 мемлекетінен 18-24 жас аралығындағы 600-ден астам студент -делегат қатысты. Бірінші рет ұйымдастырылып отырған БҰҰ Үлгісі «Мыңжылдық дамуының мақсаттары - Кедейшілікті азайту бойынша істер» деген тақырып шеңберінде өтті.
БҰҰ Үлгісі - бұл әлемнің барлық елдерінде өткізіліп келе жатқан жыл сайын ұйымдастырылатын көптеген конференциялардан құралған халықаралық білім бағдарламасы. Әр елдің жастары Біріккен Ұлттар Ұйымының нақты күн тәртібінде тұрған мәселелерді тақылау мақсатымен бас қосады. Олар өз мемлекеттерінің ресми өкілдері ретінде өз пікірлерін ортаға сала отырып, адамзаттың жаһандық мәселелеріне үлестерін қоса алады.
БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Киотака Акасака конференция жұмысына орнайы қатысып, осындай студенттік жиындардың маңыздылығын ерекше атап өтті: «Осыдан қырық жыл бұрын Киотода өткен БҰҰ Үлгісіне қатысуым жаһандық істерге араласуыма және әлемді жақсы жағына қарай өзгерту ұмтылысыма шабыт берген болатын. Аталған Үлгі зерделі сабақтарға негізделе отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымының істеріне жастардың кеңінен араласуына сеп болады деген үміттемін», дейді К. Акасака.
Қазақстан Республикасының атынан БҰҰ Жаһандық Үлгісіне ҚМЭБИ студенті Шапошникова Александра мен Сүлейман Демирел атындағы университет студенті Коктышев Павел қатысты.