Қазақстандық студенттер спорттық бағдарламалау бойынша әлем чемпионатында ТОП-20-ға кірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (ХАТУ) спорттық бағдарламалау бойынша ACM ICPC-2014 әлем чемпионатының финалында 122 университеттің арасында үздік 20-ның қатарына енді. Сынға шамамен 90 елдің үздік IT-құрамалары қатысты.

Қазақстандық студенттер спорттық бағдарламалау бойынша әлем чемпионатында ТОП-20-ға кірді

ACM ICPC немесе International Collegiate Programming Contest-2014 - спорттық бағдарламалау бойынша командалық әлем чемпионаты. Ол жыл сайын Есептеу техникасы қауымдастығының (ACM) қолдауымен ұйымдастырылады. Биыл іріктеу турнирлерінде финалға жолдама алу үшін 2300 университеттің 30 мыңнан астам студенті мүмкіндіктерін көрсетті. Ақтық сында олар 5 сағаттың ішінде бағдарлама түріндегі 10-12 күрделі математикалық есепті шығаруы тиіс.

Қазақстандық ХАТУ құрамасының қатарында Мансұр Құтыбаев, Александр Большаков және Владимир Чжен бар. Ақтық сында студенттер 3 математикалық есептің шешімін тауыпты. Айта кету керек, спорттық бағдарламалау бойынша ACM ICPC-2014 әлем чемпионаты - жас бағдарламашылар арасындағы маңызды командалық сындардың бірі. Талапты қазақстандық студенттер Massachusetts Institute of Technology, University of Cambridge, Мәскеу физико-технологиялық институты, Carnegie Mellon University және т.б жетекші ЖОО артта қалдырды.