Қазақстандық студенттің ғылыми жұмысы Әбу-Дабидегі халықаралық байқауда үздік деп танылды
ӘБУ-ДАБИ. ҚазАқпарат - Әбу Даби қаласындағы Мұнай және газ университетінде білім алып жүрген қазақстандық студент Санат Айдарбаев жыл сайын «Abu Dhabi International Petroleum Conference» халықаралық мұнай-газ конференциясының аясында өтетін мұнай және газ геоғылымы саласындағы ғылыми жұмыстарға арналған байқауда екінші орынды жеңіп алды.
Сертификаттар 10 маусым күні Инженер мұнайшылар қоғамының (Society of Petroleum Engineers) жыл сайынғы ресми жиналысында салтанатты түрде табыс етілді. Байқауға 36 жасқа дейінгі барлығы он тоғыз жас маман мен студенттер қатысты. Олардың көбі Таяу Шығыс елдерінен келген. 2012 жылы қазақстандық студент Әбу Дабидегі Мұнай және газ институтында магистратура дәрежесі бойынша білім алу грантын ие болған. Осы байқауда С.Айдарбаев оқу кезінде магистр дәрежесін қорғау үшін жазған диссертациялық жұмысының бөлігіндегі зерттеуін таныстырды.