Қазақстандық сүңгуірлер халықаралық құтқару операцияларына қатысуға дайын

ПРИОЗЕРСК. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Приозерск қаласында сүңгуір-құтқарушылардың алғашқы халықаралық оқу-әдістемелік жиыны аяқталды. Тренинг Қазақстан ТЖМ қызметкерлерін І-ІІ мамандандыру тобына даярлау бағдарламасы аясында өтті. Оған ҚР жедел-құтқару жасағынан 35 құтқарушы қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық сүңгуірлер халықаралық құтқару операцияларына қатысуға дайын

Курс сертификаты халықаралық құтқару операцияларына қатысуға рұқсат береді.

Оқу-жаттығудың жабылу рәсімінде Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин іс-шараға онлайн режимде қосыла отырып, табиғи және техногендік ТЖ санының тұрақты өсуі жағдайында оларды жою міндетін табысты орындаудың кепілі - кәсіби шеберліктің жоғары деңгейі екенін атап өтті.

Сондай-ақ, Қарағанды облысының әкімдігіне ТЖ жөніндегі өңірлік департаментті материалдық-техникалық жарақтандыруға және қайта жарақтандыруға жан-жақты көмек көрсеткені үшін алғыс айтты.

Негізінде сүңгуірлерді оқытқан құтқару станциясының Қазақстан аумағында баламасы жоқ.

Заманауи жабдықтар апаттық-құтқару жұмысының барлық түрлерін толық көлемде жүргізуге мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетейік, оқу-жаттығу 24 мамыр мен 5 маусым аралығында халықаралық азаматтық қорғаныс ұйымының және төтенше жағдайлар орталығының қолдауымен өтті.

10 күн бойы Қазақстан, Ресей және Қырғызстан ТЖМ нұсқаушы-мамандары тәжірибелерімен бөлісті, кәсіби мәселелерді талқылады және шеберлік шыңдады.

Тренинг халықаралық қоғамдастықтың сүңгуірлерін даярлау стандарттарына сәйкес келеді.

Жаттығу аяқталғаннан кейін қатысушылар халықаралық азаматтық қорғаныс ұйымының сертификатын алды.

Бұл оларға халықаралық құтқару операцияларына қатысуға мүмкіндік береді.