Қазақстандық суретші Жапониядағы байқауда топ жарды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскемендегі Теңге сарайының қызметкері Жапонияда өткен халықаралық суретшілер байқауында топ жарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жапонияның Осака қаласындағы Теңге сарайы ұйымдастырған халықаралық конкурста өскемендік суретші Анастасия Саченок бірінші орын алды.
Конкурс шарты бойынша суретшілер өздері жобалаған тиынның нақышталған нұсқасы мен электронды нұсқасын өткізуі тиіс болған. Ал тиынның бетіндегі бедерлер тарих мен техникалық прогрестің үндестігін, экологиялық мәселелерді қамтуы керек болған.
«Мен салған суретті нақыштауға Дидар мен Ерғали дейтін әріптестерім көмектесті. Жеңімпаз атануыма олардың да мінсіз жұмыс істеуі септігін тигізді» - дейді жас суретші.
Анастасия жобалаған тиынның бір жақ бетіне бүкіл адамзат тарихының эволюциясы бейнеленсе, екінші бетіне сан түрлі жапырақтардың қоршауындағы ғаламшар салыныпты.
Конкурсқа әлемнің әр түкпірінен 200-ден астам кәсіби және әуесқой сруетшілер қатысқан. Үздік бестікке Үндістан, Швейцария, Италия және Ресей елінің суретшілері кірген.