Қазақстандық суретшілер өз туындыларын Мәскеу көрмесінде таныстырды

МӘСКЕУ. Наурыздың 22-сі. ҚазАқпарат /Нарымбек Ысмағұлов/ - Мәскеу халықаралық көркемсурет салонында ашылған «Суретшілердің орталық үйі-2010» көрмесіне қазақстандық үш суретшінің туындылары қойылды.

Қазақстандық суретшілер  өз  туындыларын  Мәскеу көрмесінде таныстырды

ТМД елдерінің Гуманитарлық ынтымақтастық мемлекетаралық қорының қолдауымен ұйымдастырылған салон, ТМД және Балтық елдерінің суретшілер одақтарының өкілдерін таныстыру мақсатында осымен 13-ші рет өткізілуде.

Қазақстанның атынан көрмеге Нұрлан Бажыров («Арқан тарту, «Бөрілер», «Аударыспақ»), Дулат Әлиев («Ғашықтар», «Құрбылар»), Қадырбек Кәметов («Сұңқар салу», «Көкпар») сынды танымал суретшілердің туындылары қойылып отыр.

Салонға, сондай-ақ, Әзірбайжан, Армения, Беларус, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Украина елдерінің, сондай-ақ Мәскеу, Санкт-Петербор және Киевтің суретшілер одақтары, Ресей суретшілерінің шығармашылық одағы, Ресей Көркемсурет академиясы, Латвия, Литва және Эстония суретшілерінің одақтары қатысуда.