14:35, 28 Қараша 2011 | GMT +5
Қазақстандық таэквандошылар Лондон олимпиадасына тағы екі жолдама ұтып алды
АСТАНА. 28 қараша. ҚазАқпарат - Тайландта өткен лицензиялық жарыста таэквандо шеберлері Нұсұлтан Мамаев пен Гүлнафиз Айтмұхамбетова Қазақстан қоржынына 2012 жылғы Лондон олимпиадасының екі жолдамасын салды.

Енді Қазақстанда үш олимпиада лицензиясы бар. Қайрат Қырғызбаевтың басшылығымен еліміздің таэквандо құрамасы 2012 жылдың шілде-тамыз аралығында өтетін Лондон олимпиадасы қарсаңында қойған міндеттерді толықтай орындап шықты.
Бұл жарыста Бейжің олимпиадасының қола жүлдегері Шыңғыс Шылмановқа сәттілік жетіспеді. Ол өзінің екінші жазғы олимпиадалық ойындарына арналған жолдаманы ұтуға бір қадам қалған тұста қарсыласына жол берді. Дегенмен олардың ізін басқан қазақстандық таэквандошылардың жаңа буыны үлкен белестерді бағындыруда. Мәселен, Шымкент қаласының тумасы Н. Мамаев 2010 жылы Сингапурда өткен Бірінші жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының күміс жүлдесін жеңіп алған болатын.