Қазақстандық таеквондошылар Азия ойындарының жолдамасы үшін бақ сынап жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат – Түркістан қаласындағы Олимпиада орталығында таеквондодан (WT) ересектер арасындағы Қазақстан кубогы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мәдениет және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясынан хабарлағандай, Азия ойындарына баратын спортшылар іріктелетін сынға еліміздің барлық өңірінен 200-ден астам спортшы қатысып жатыр. Олар 3 күн бойы 10 салмақта сынға түседі.
Айта кетейік, биылғы бәсеке жаңа жүйе бойынша өтіп жатыр. Яғни, енді әр салмақта чемпион атану жеткіліксіз. Жеңімпаз өз салмағындағы жетістігін 2 күн бойы ұстап тұруы тиіс. Кейін, шешуші күні ширек финалистер арасынан топ жарған спортшымен суперфиналда кім мықтыны анықтайды. Ал Азия ойындарына сол айқаста басым түскен таеквондошы барады. Бұл жүйе осы спорт түрі шыққан Оңтүстік Кореяда бүгінге дейін қолданылады.
«Қазір елімізде 20 мыңнан астам таеквондошы бар. Жыл сайын ел чемпионаты мен кубогына 200-ден астам спортшы қатысады. Салыстырмалы түрде бұл аз көрсеткіш. Соған қарамастан ірі жарыстарға Ұлттық құрама жасақтағанда дау шығып жатады. Соның алдын алу мақсатында біздің федерация жыл сайын жүйені жетілдіруге барын салып келеді. Биыл біз Оңтүстік Кореяның форматын негізге алдық. Осыдан кейін спортшылардың даярлығына, шешімнің әділдігіне күмән болмауы керек», - деді ашылу салтанатында сөз алған Қазақстан таекфондо федерациясының Бас хатшысы Олжас Беспаев.
Ал, Спортты дамыту дирекциясы басшының орынбасары Әлішер Аймұхамбетов осы жарыстан соң Ұлттық құрама Оңтүстік Кореяда өтетін оқу-жаттығу жиынына аттанатынын айтты.