Қазақстандық таеквондошылар Мәскеуде өткен турнирде жүлдегер атанды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақстандық таеквондошылар Мәскеу қаласында өткен «Патриот 2017» бүкілресейлік турнирінде жүлдегер атанды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.


Таеквондодан БҚО құрамасының аға жаттықтырушысы Арслан Ордабаевтың айтуынша, шәкірттері - 2003 жылғы Лиана Кушкеева 51 кг, 2006 жылғы Ян Черенцов 28 кг және 1999 жылғы Әйгерім Қажымова 67 кг салмақта қола жүлдеге ие болды. Арсланның өзі ардагерлер арасында чемпиондық тұғырға көтерілді.
«Биыл Орал қаласында олимпиадалық ойын түріне жататын таеквондодан (WTF) кадеттер арасында өткен ел біріншілігінде Лиана Кушкеева жеңімпаз атанған болатын. Қазір ол Алматыда, Қазақстан құрамасы сапында маусым айында Вьетнамда 2003-2005 жылғылар арасында өтетін Азия чемпионатына дайындалуда», деді ҚазАқпарат тілшісіне А.Ордабаев.
Айта кетейік, осының алдында Ақтау қаласында таеквондодан өткен ІV Қазақстан жастар ойындарында Батыс Қазақстаннан барған Шыңғыс Қуатов, Әли Нұрғалиев және Дарья Попова да қола жүлдеге қол жеткізген еді.