Қазақстандық танкистердің екінші экипажы халықаралық армия ойындарда жеңіске жетті
Мәскеу маңындағы «Алабино» полигонында «Танк биатлоны» байқауының екінші экипаждарының жарысында қазақстандық танкистер тағы да жеңіске жетті. Танк командирі аға лейтенант Сейітжан Қобыланұлы, көздеуші-оператор сержант Бауыржан Бұғыбаев және механик-жүргізуші ефрейтор Жаннұр Жұмабаевтардан тұратын экипаж кедергілерді еңсеріп, атыс тапсырмаларын сәтті орындап шықты.
Қазақ жауынгерлері трассадан 26 минут 35 секундта өте білді. Екінші орындағы Өзбекстан әскери қызметшілердің нәтижесі – 27 минут 23 секунд.
Әзербайжанда суүсті кемелері экипаждарының қатысуымен «Теңіз кубогы» байқауының бірінші кезеңі өтті. Онда әскери теңізшілер қалқымалы минаның макетін ату тапсырмаларын орындады. 3-дәрежелі капитан Рауан Ергебеков басқаратын қазақстандық «Сарыарқа» кораблінің құрамында ракеталық-артиллериялық жауынгерлік бөлім командирі аға лейтенант Азамат Бақтығалиев пен бас старшина Ерлан Тоқтабаевтар бар экипаж тапсырманы ойдағыдай орындап шықты. Кезең қорытындысы бойынша бірінші орынды 45 балл жинаған Әзербайжан мен Ресейдің әскери теңізшілері өзара бөлісті. Қазақстан командасы 42 ұпаймен екінші орында тұр.
Кабардино-Балкарияда жасанды жартасты рельефте «Эльбрус сақинасы» байқауының төрт арнайы тапсырмасын орындаған Қазақстан командасы бесінші орыннан үшінші орынға көтерілді. Бұл сайыста Ресейдің әскери альпинистері көш бастап тұрса, екінші орында Өзбекстанның әскери қызметшілері келеді.
Арменияда «Бейбітшілік жауынгері» әскери-спорттық сайысының бірінші кезеңі аяқталды. Сайыс барысында әскери қызметшілер дене шынықтыру даярлығынан нормативтер тапсырды. Жарыс нәтижелері бойынша бірінші орында Беларусь, екінші орында – Қазақстан, үшінші орында – Ресей әскери қызметшілері.