Қазақстандық теннисші Аустралия турнирінде жеңіске жетті

Дүниежүзілік рейтингте 169-орында тұрған Е.Рыбакина финалда әлемнің 131-ракеткасы, ресейлік Ирина Хромачевамен күш сынасты.
Бірінші партияда қазақстандық спортшы 7:5 есебімен жеңіске жетті. Екінші сетте есеп 3:3 болған мезетте ресейлік теннисші кездесуді жалғастырудан бас тартты.
Бәсеке 1 сағат 14 минутқа созылды.
Осылайша, Е.Рыбакина жүлде қоры 60 мың АҚШ долларына бағаланған жарыстың жеңімпазы атанды. Ол турнир барысында әуелі аустралиялық Нэйкта Бэйнс, осы жарыстың 1-ракеткасы, рейтингте 105-сатыдағы германиялық Лаура Зигемунд, Тайвань елінің өкілі Чжан Кайчжэнь және жартылай финалда бельгиялық Марина Заневскаяны тізе бүктірді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астанада өткен Дэвис кубогына іріктеу жарысында Бубликтің Қазақстанды алға шығарғанын және Қазақстан сенбі күні Португалиямен жұптық кездесуінде есе жібергенін жазған едік. Дегенмен, шешуші бәсекеде Кукушкин жеңіске жетіп, Қазақстан финалға өтті.