09:36, 09 Мамыр 2012 | GMT +5
Қазақстандық теннисші әйелдер жұптасып өнер көрсетуден Madrid Open жарысының екінші айналымына шықты
АЛМАТЫ. 9 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисшілер Галина Воскобоева мен Ярослава Шведова Испанияның Мадрид қаласында ашық кордта өтіп жатқан WTA сериясындағы Premier Mutua дәрежесіндегі Madrid Open жарысының екінші айналымына шықты.

Олар бүгін алғашқы айналымда американдық Ракель Копс-Джонс пен Эбигейл Спирс жұбынан 6:3, 7:5 есебімен басым түсті. Олардың келесі қарсыласы испандық Анабель Медина Гарригес пен Аранта Парра-Сантонха болмақ.
Жүлде қоры 5 189 603 долларды құрайтын дүбірлі дода 5 мамырда басталған болатын. Онда қазақстандық спортшылар ерлер арасында да, әйелдер арасында жекелей сында сәтсіз өнер көрсетті. 13 мамырға дейін созылатын бұл бәсекеде енді жұптық сайыста тек Галина мен Ярослава ғана қалды. Ал былтыр беларус Виктория Азаренко мен ресейлік Мария Кириленко, ерлер арасында американдық Боб Брайан мен Майк Брайан жеңімпаз атанған болатын. Ал жекелей сында ерлер арасында сербиялық Новак Джокович, әйелдер арасында чех Петра Квитова үздік шықты.