Қазақстандық теннисші Франциядағы турнирдің екінші айналымына шықты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 331-ракеткасы Бейбіт Жукаев Брест (Франция) челленджер турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық спортшы аталмыш доданы іріктеу сайыстарынан бастаған еді.

Б.Жукаев іріктеу сайыстарының финалында жеңіліп қалғанымен, жарысты ұйымдастырушылар оны келмей қалған ойыншының орнына шақырды.

Осылайша, негізгі турнирде өнер көрсетуге мүмкіндік алған 22 жастағы Б.Жукаев алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 571-орында тұрған франциялық Тристан Ламазинмен шеберлік байқасты.

Матч өте тартысты өтіп, бірінші партияда корт иесі тай-брейкте сәтті ойнады – 7:6 (7:5).

Екіншісінде Бейбіт дәл сондай жағдайда есе қайырды – 7:6 (7:2).

Үшінші, шешуші сетте брейк жасап, алға шыққан қазақстандық теннисші сол басымдылығын сақтап қала алды – 6:4.

Үш сағатқа жуық уақытқа созылған кездесу барысында Б.Жукаев 17 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды.

Бейбіт Жукаев жүлде қоры 67 960 еуроға бағаланған доданың ширек финалына шығу үшін әлемнің 110-ракеткасы, франциялық Грегуар Баррер немесе рейтингте 206-сатыдағы болгариялық Димитар Кузмановтың біреуімен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанның үздік теннисшісі Швейцария турнирін сәтті бастағанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар