Қазақстандық теннисші Франциядағы турнирдің финалына шықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 22-ракеткасы Анна Данилина Франциядағы Биаррице W60 турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші Франциядағы турнирдің финалына шықты

Жарыстың бірінші ракеткасы болып тіркелген А.Данилина мен украиналық Валерия Страхова жартылай финалда бельгиялықтар Мари Бенуа – Исалин Бонавантюрмен кездесті.

Қазақстандық-украиналық жұп 1 сағаттан астам уақытқа созылған матчта 6:3, 6:2 есебімен жеңіске жетті.

А.Данилина мен В.Страхова финалда аргентиналық Мария Лурдес Карле – ресейлік Мария Тимофеевамен бас жүлдені сарапқа салады.

А.Данилина жекелей сында франциялық Люси Нгуен-Таннан 3:6, 4.6 есебімен ұтылып, жартылай финалға өте алмады.

Елена Рыбакина ресейлік Людмила Самсоновамен бірге Хертогенбос (Нидерланды) WTA 250 турнирінің ширек финалына шыға алмады. Олар аустралиялық Эллен Перес – словениялық Тамара Зиданшекпен өткен матчта есеп 6:1, 6:7 (6:8) болғаннан кейін бәсекені жалғастырудан бас тартты.

Ерлер арасында қазақстандық Александр Недовесов пәкстандық Айсам Курешимен бірге Штутгарт ATP 250 додасының ширек финалында канадалық Денис Шаповалов – үндістандық Рохан Бопаннаға жол берді – 4:6, 6:3, 9:11.

Михаил Кукушкин Ноттингем (Ұлыбритания) челленджер жарысының ширек финалында аустралиялық Джордан Томпсоннан айласын асыра алмады – 2:6, 6:4, 3:6.

М.Кукушкин жұптық сында да аустралиялық Джон Миллманмен бірге ширек финалда ұлыбританиялықтар Джулиан Кэш – Анри Паттеннен жеңіліс тапты – 3:6, 2:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Ұлыбританиядағы турнирдің ширек финалына өткенін жазған болатынбыз.