Қазақстандық теннисші Катардағы турнирде жеңімпаз атанды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Гөзал Айнитдинова халықаралық 1st Qatar ITF Junior Open 2014 жасөспірімдер турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлады Қазақстанның теннис федерациясы.
Г.Айнитдинова финалда үш сетте чехиялық Наталья Калмунзерованы 4:6, 7:5, 6:3 есебімен жеңді. Сонымен бірге Айнитдинова өзінің жерлесі Милана Лысовамен жұптасып, осы турнирдің жұптық жарысында да жеңіске жетті. Шешуші жекпе-жекте олар Лалита Девараконд (Үндістан) пен Лусиана Рабинестің (АҚШ) интернационалдық дуэтін ұтып шықты.
Турнирдегі жеңісіне дейін Гөзал Айнитдинова жартылай финалда турнирдің 8-ші ракеткасы Лусиана Рабинесті 6:3, 6:1 есебімен, ширек финалда Венгриядан Панна Увардудан басым түскен болатын. Екінші айналымда британдық Алис Мкгинтуды, ал турнир басында француз Лаура Шанюонды тізе бүктірді.
«Team Kazakhstan» ойыншысы Г. Айнитдинова бұдан бұрын Әбу-Дабидегі жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирде жеңіске жеткен болатын.