Қазақстандық теннисші Мексикадағы турнирдің жартылай финалына шықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Григорий Ломакин жұптық сында Мехико (Мексика) челленджер турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші Мексикадағы турнирдің жартылай финалына шықты

Теміртау қаласының түлегі ресейлік Евгений Донскоймен бірге бастапқы кездесуінде швейцариялық Якуб Пауль – аргентиналық Хуан Игнасио Лондероны 6:2, 6:2 есебімен ұтты.

Қазақстандық-ресейлік жұп ширек финалда жарыстың 1-ракеткалары, колумбиялық Николас Баррьентос – мексикалық Мигель-Анхель Рейес-Вареламен күш сынасты.

Бірінші партияда колумбиялық-мексикалық жұп 6:1 есебімен айқын басымдылық көрсетсе, екіншісінде Ломакин мен Донской есе қайырды – 6:4. Содан кейін тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 10:6.

Бір сағат 18 минутқа созылған матчта Григорий мен Евгений 5 эйс жасап, 4 брейк-пойнттың тең жартысын мүлт жібермеді. Қарсыластары 2 эйс, 3 брейкпен (4 брейк-пойнт) көзге түсті.

Г.Ломакин мен Е.Донской финалға шығу үшін чилилік Николас Харри – бразилиялық Матеус Пучинелли де Алмейдамен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан жасөспірімдер құрамасының Аустралияға жол бергенін, Александр Недовесовтің Мароккодағы турнирдің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Андрей Голубев Мароккодағы турнирдің жартылай финалында.