Қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин Ресейде «Челленджер» сериясының турнирінде финалға шықты
АСТАНА. Шілденің 24-і. ҚазАқпарат /Мұрат Жәкеев/ - Қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин Ресейдің Пенза қаласында өтіп жатқан «Челленджер» сериясының турнирінде финалға шықты. Енді ол чемпионатта төртінші нөмірге ие ресейлік Константин Кравчукпен ракетка айқастырмақшы.
Еске сала кетейік, жартылай финалда турнирді бірінші ракеткасы М.Кукушкин екі сетте ресейлік Валерий Рудневті жеңді. Кездесу нәтижесі: 6:1, 6:2. Оның алдында К:Кравчук беларусьтік Владимир Игнатикті 6:3, 7:6 ұпайымен жеңген еді.
Пензадағы «Челленджер» сериялық турнирінің жүлде қоры 50 мың долларды құрап отыр.
Теннисші Михаил Кукушкин, сондай-ақ, Андрей Голубев те ресейліктер, бірақ біраз уақыттан бері Қазақстан үшін ойнап жүр. Шілде айында М.Кукушкин Брауншвейгте (Германия) өткізілген Nord/LB Open-2010 «Челленджер» сериясының турнирінде жеңімпаз атанған-ды.
М.Кукушкин АТР кестесінде 114 орында тұр, ал А.Голубев 79 орында. Екі теннисші де Астана қаласында қыркүйектің 17-сі мен 19-ы аралығында өткізілетін Дэвис Кубогының матчында Швейцария құрамасына қарсы Қазақстанның атынан шығады. .