Қазақстандық теннисшілер Барселона турнирін жеңіспен бастады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық теннисшілер Дмитрий Попко мен Тимофей Скатов Барселона челленджер турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өткен аптада Лиссабон жарысында жеңімпаз атанып, соның нәтижесінде әлемдік рейтингте 164-орынға көтерілген 24 жастағы Д.Попко бастапқы кездесуін әлемнің 280-ракеткасы, франциялық Тристан Ламазинмен өткізді.
Қазақстандық теннисші 6:3, 6:2 есебімен басым түсті.
Д.Попко ширек финалға шығу үшін әлемнің 159-ыншы, осы доданың 6-ракеткасы, аустралиялық Марк Полманс немесе рейтингте 352-сатыдағы франциялық Маттео Мартиноның біреуімен таласады.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 270-ракеткасы, 20 жастағы Тимофей Скатов алғашқы айналымда рейтингте өзінен бес саты төмен тұрған франциялық Мануэль Гинармен кездесті.
Тартысты өткен матчта қазақстандық спортшы 3:6, 7:6 (7:4), 6:1 есебімен жеңіске жетті.
Т.Скатов екінші айналымда әлемнің 116-ыншы, жарыстың 2-ракеткасы, словакиялық Алекс Молчанмен кортқа шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Чикаго жарысының финалына шыға алмағанын, Дмитрий Попконың Лиссабонда чемпион атанғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Зарина Дияс Индиан-Уэллс турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады.