Қазақстандық теннисшілер халықаралық турнирлердің ширек финалына шықты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Тимофей Скатов Португалиядағы Оэйраш челленджер турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды Olympic.kz ҚТФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дүниежүзілік рейтингіде 441-орында тұрған 20 жастағы теннисші екінші айналымда әлемнің 316-ракеткасы, португалиялық Гонсалу Оливейрамен кездесті. Тимофей Скатов 1 сағат 16 минутқа созылған матчта 6:3, 6:1 есебімен жеңіске жетті. Қазақстандық теннисші жартылай финалға шығу үшін әлемнің 363-ракеткасы, испаниялық Николас Санче-Искердомен таласады.
Тағы бір қазақстандық Александр Недовесов чехиялық Роман Жебавымен бірге жұптық сында Парма (Италия) ATP турнирін жеңіспен бастады. Қазақстандық-чехиялық жұп испаниялықтар Давид Морреро - Давид Вега-Эрнандесті 6:7 (3:7), 6:2, 10:6 есебімен тізе бүктірді. Енді олар ширек финалда осы доданың 1-ракеткалары, бельгиялықтар Сандер Жилле - Йоран Флигенмен шеберлік байқасады.