Қазақстандық теннисшілер Хорватиядағы турнирдің ширек финалына шықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Александр Недовесов пен Андрей Голубев жұптық сында Хорватиядағы Сплит 2 челленджер турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисшілер Хорватиядағы турнирдің ширек финалына шықты

Қазақстандық жұп бұдан бір апта бұрын Сплиттегі осындай бірінші жарыста жеңімпаз атанған болатын.

Бұл жолы доданың 2-ракеткалары болып тіркелген А.Недовесов пен А.Голубев бастапқы кездесуін корт иелері Борна Гойо – Нино Сердарушичпен өткізді.

Бірінші партияда тай-брейкте хорватиялық жұптың жолы болды – 7:6 (8:6).

Екінші сетте қазақстандықтар әбжілдік танытты – 7:6 (7:4).

Шешуші тай-брейкте А.Недовесов пен А.Голубев жеңісті жұлып алды – 10:7.

Тартысты бәсеке 2 сағат 9 минутқа созылды.

Қазақстандық жұп жартылай финалға шығу үшін чехиялықтар Зденек Колар – Лукаш Росолмен таласады. Недовесов пен Голубев Сплиттегі бірінші турнирдің жартылай финалында чехиялық жұпты тартысты кездесуде жеңген болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Бубликтің Монте-Карло мастерс турнирінде жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.