Қазақстандық теннисшілер Швейцариядағы турнирдің жартылай финалына шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның жұптық сындағы мықтылары Александр Недовесов пен Андрей Голубев Базель (Швейцария) ATP 500 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисшілер Швейцариядағы турнирдің жартылай финалына шықты

Қазақстандық жұп ширек финалда бразилиялық Рафаэль Матос – испаниялық Давид Вега Эрнандеспен күш сынасты.

А.Голубев пен А.Недовесов қарсыластарынан 7:5, 6:3 есебімен басым түсті.

Сағат жарымға жуық уақытқа созылған матч барысында қазақстандықтар 7 эйс жасап, 12 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды.

Андрей Голубев пен Александр Недовесов финалға шығу үшін хорватиялық Иван Додиг – америкалық Остин Крайчекпен таласады. Бұл жұп ширек финалда жарыстың бірінші ракеткалары, сальвадорлық Марсело Аревало – нидерландылық Жан-Жюльен Ройерді қапы қалдырды – 6:4, 6:3.

Тағы бір қазақстандық, рейтингте 331-орында тұрған Бейбіт Жукаев Брест (Франция) челленджер турнирінің ширек финалына өте алмай қалды. Ол екінші айналымда әлемнің 110-ракеткасы, франциялық Грегуар Баррерден жеңіліс тапты – 2:6, 4:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Швейцариядағы жарыстың ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ қазақстандық екі жас теннисші әлемдегі үздік 100 ойыншының қатарына кірді.

Александр Бублик жекелей сында Швейцариядағы турнирдің ширек финалына өтті.



Фото: sports.kz