Қазақстандық теннисшілердің АҚШ ашық чемпионатындағы қарсыластары белгілі болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық теннисшілердің АҚШ ашық чемпионатындағы қарсыластары белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жүлде қоры 53,4 млн АҚШ долларына бағаланған, 31 тамыз – 14 қыркүйек аралығында өтетін «Үлкен дулыға» турнирінде Қазақстаннан бес спортшы бақ сынайды.

Әйелдер арасында жекелей сында Қазақстанның басты үміті –әлемнің 17-ракеткасы Елена Рыбакина. Өткен жылы алғашқы айналымнан аса алмаған Е.Рыбакина биыл төрт бірдей WTA турнирінің финалында ойнап, соның біреуінде жеңіске жеткен еді. Соның нәтижесінде 17-сатыға көтерілген қазақстандық теннисші биылғы US Open додасының 11-ракеткасы болып тіркеліп отыр. Оның бастапқы қарсыласы – әлемнің 107-ракеткасы, украиналық Катарина Завацкая. Еленаның бұл жолы табысты өнер көрсететіндей толық мүмкіндігі бар.

Әлемнің 33-ракеткасы Юлия Путинцеваға жеребе жолдас болып, ол рейтингте 597-орында тұрған америкалық Робин Монтгомеримен кездеседі.

Ал рейтингте 66-орында тұрған тағы бір қазақстандық Зарина Диясқа қиындау тиеді. Ол әлемнің 61-ракеткасы, америкалық Бернарда Перамен шеберлік байқасады.

Ерлер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 51-ракеткасы Александр Бублик бастапқы кездесуін рейтингте 44-орында тұрған ұлыбританиялық Кайл Эдмундпен өткізеді. Егер оны жеңіп кетсе, екінші айналымда әлемнің 1-ракеткасы, сербиялық Новак Джоковичпен кортқа шығуы мүмкін.

Рейтингте 90-орында тұрған Михаил Кукушкин әлемнің 76-ракеткасы, мажарстандық Атилла Балашпен күш сынасады.

Биыл коронавирус індетіне байланысты АҚШ чемпионатына барудан бас тартқан теннисшілер аз емес. Мысалы, әйелдер арасында әлемнің бірінші және екінші ракеткалары додаға қатыспайды. Бұл жолы әлемнің үшінші ракеткасы, чехиялық Каролина Плишкова көшбасшы болып тұр. Мықты теннисшілердің жоқтығын сәтті пайдаланса, басқа спортшылар қомақтырақ табыс табумен бірге өз рейтингілерін жақсарта алады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннисші Андрей Голубевтің Италиядағы жарыстың чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар