Қазақстандық теннисшілердің Мадрид турниріндегі қарсыластары белгілі болды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық теннисшілердің Мадрид WTA 1000 турниріндегі қарсыластары белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисшілердің Мадрид турниріндегі қарсыластары белгілі болды

29 сәуір – 8 мамыр аралығында өтетін айтулы додада дүниежүзілік рейтингте үздік үштікке енетін аустралиялық Эшли Барти, жапониялық Наоми Осака, румыниялық Симона Халеп бастаған теннисшілер бақ сынайды.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 22-ракеткасы Елена Рыбакина алғашқы айналымда іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірімен кездеседі.

Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны Ярослава Шведова әлемнің 25-ракеткасы, Тунис өкілі Онс Жабермен ойнайды.

Рейтингте 30-сатыда тұрған Юлия Путинцеваның қарсыласы да осал емес. Ол әлемнің 18-ракеткасы, ұлыбританиялық Йоханна Контамен шеберлік байқасады.

Бұлардың қатарына тағы бір қазақстандық Зарина Диястың қосылуы мүмкін. Ол бүгін іріктеу сайыстарының финалында украиналық Катерина Козловамен шешуші кездесуін өткізеді.

2019 жылы финалда С.Халепті 6:4, 6:4 есебімен тізе бүктірген нидерландылық Кики Бертенс чемпион атанған болатын. Өткен жылы Мадрид жарысы пандемияға байланысты өтпей қалды.

Ерлер арасындағы Мадрид мастерс турнирі 2-9 мамыр аралығында өтеді. Әлемнің 1-ракеткасы, осы доданың 2019 жылғы жеңімпазы, сербиялық Новак Джокович биылғы жарысқа қатыспайтын болып шешті. Ол Ролан Гаррос турниріне баса мән беріп, өз елінде мұқият дайындалмақшы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Мадрид турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастағанын жазған болатынбыз.