08:56, 28 Қаңтар 2023 | GMT +5
Қазақстандық Тимофей Скатов Чилидегі жарыстың жартылай финалына шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның екінші, әлемнің 144-ракетасы Тимофей Скатов Консепсьон (Чили) ATP Challenger Tour жарысының жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 102-інші, турнирдің 2-ракеткасы, чилилік Алехандро Табиломен кездесті.
Аса тартысты өткен матчта Т.Скатов 6:4, 3:6, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Екі сағат 29 минутқа созылған бәсеке барысында ол 5 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Қарсыласы 5 эйс, 5 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.
Петропавл қаласының түлегі финалға шығу үшін әлемнің 203-ракеткасы, аргентиналық Факундо Диас Акостамен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия чемпионатында Елена Рыбакинаның алғаш рет финалға шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық теннисші қыздар Үндістандағы турнирдің финалына шықты.
Фото – Қазақстан теннис федерациясы