Қазақстандық төрешілер УЕФА CORE курсынан өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - УЕФА-ның жас төрешілерге арналған курсы (СORE) жыл сайын Ньон (Швейцария) қаласындағы штаб-пәтерінде екі кезең бойынша өткізіледі. Биыл бұл курс 28-ші рет ұйымдастырылды. Оған Қазақстаннан Премьер-лига мен Бірінші лиганың бас төрешісі Данияр Сахи (Қызылорда), төрешілердің көмекшілері Юрий Тихонюк (Ақтөбе) және Сергей Калачев (Атырау) қатысты. Бұл туралы Қазақстанның Футбол федерациясы баспасөз қызметінен хабарланды.

Қазақстандық төрешілер УЕФА CORE курсынан өтті

«Қазақстандық төрешілер УЕФА-ның төрешілік саласындағы үздік фитнес-нұсқаушылары және мамандарының жетекшілігімен Швейцария футбол федерациясы және Франция футбол федерациясы аясындағы турнирлерде дайындықтан өтті. Екінші кезеңнің соңында фитнес-нормативтер мен ағылшын тілінен емтихандар тапсырды», - делінген баспасөз баянында.

Айта кетерлігі, Төрелік ету және қадағалау департаменті курс аяқталғаннан кейін бас нұсқаушы Дэвид Эллерэйдің қолы қойылған УЕФА-ның ресми хатын алған. «Сіздің төрешілеріңіз - Данияр Сахи, Юрий Тихонюк және Сергей Калачевтің дайындық деңгейі жоғары екеніне таңғалғанымызды жеткізгім келеді. Олар курс бойы үздік нәтиже көрсетіп, салмақты жұмыс атқарды. Данияр, Юрий және Сергей әрі қарай осы бағытта алға жылжиды деп үміттенеміз. Ал, біз өз тарапымыздан олардың жетістіктерін бақылайтын боламыз», - делінген УЕФА хатында.