Қазақстандық трионың өнері Берлин көрермендерін тәнті етті
БЕРЛИН. ҚазАқпарат – Қазақстандық «FORTE TRIO» мемлекеттік триосы Еуропа мәдениетінің орталығы Берлин филармониясында өнер көрсетіп, шетел көрермендерін таңғалдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазақконцерт» мемлекеттік коцерттік ұйымының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бетховеннің скрипка, виолончель және оркестрмен фортепианоға арналған атақты концертін отандық әртістер Берлин симфониялық оркестрімен бірге орындады. Әлемнің үздік өнер жұлдыздары үшін Еуропаның жауһары атанған Берлин симфониялық оркестрімен бір сахнада өнер көрсету қазақстандық өнерпаздар үшін үлкен мәртебе.
2200 көрерменге арналған үлкен зал лық толы болды, концерт билеттері небәрі екі-ақ күнде сатылып кеткен. Берлин филармониясының өкілдері мәлімдегендей, бұл пандемия басталғалы бері алғашқы толық аншлаг жинаған концерт болды. Концертте көрерменнің атақты оркестрге деген ыстық ықыласы, Бетховен музыкасының танымалдығы мен қазақстандық музыканттардың өнеріне деген зор қызығушылық керемет үйлесім тапты.

«Әлемдік қауымдастық елімізді қаңтардағы оқиғалардың салдарынан саяси катаклизмдер аренасы ретінде қабылдағаны белгілі. Бірақ «FORTE TRIO» өз өнерлері арқылы Қазақстанды мәдениеті жоғары деңгейде дамыған, өзіндік музыкалық дәстүрлері қалыптасқан мемлекет ретінде көрсете білді. Трионың өнерін жоғары бағалаған шетелдіктер біздің әртістерді концерттен кейін сахнаға тағы 5 рет шақырды», - деді «Қазақконцерт» директорының орынбасары Лаура Ахметова.
Өткен жылдың желтоқсан айында «FORTE TRIO» Францияның 4 ірі қаласында концерт өткізіп, осы елдің 2021 жылғы концерттік маусымын аяқтағаны мәлім. Енді отандық музыканттар Германия елінің өнерсүйер қауымын тамсандырып, ковидтік шектеулерден шаршаған тыңдармандарға ұмытылмас жарқын эмоция сыйлады.

Қазақконцерт құрамында өнер көрсететін «FORTE TRIO» ансамблі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеевтің көркемдік жетекшілігімен өнер көрсетеді. Ұжымның мақсаты – қазақстандық классикалық музыканы әлемге таныту.
Қазақстандықтар «FORTE TRIO» ұжымының өнерін 2 наурыз күні «Астана опера» театрында «Любите ли вы Брамса?» атты жаңа концертте тамашалай алады.

