Қазақстандық туристер 2 коммерциялық құрылымның бопсалау нысанына айналмауы тиіс - М.Иғалиев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық туристер 2 коммерциялық құрылымның бопсалау нысанына айналмауы тиіс. Бұл туралы бүгін ҚР ИЖТМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Марат Иғалиев мәлім етті.
Оның атап өтуінше, комитетке «Almaz tourizm» туристік операторы шағымданып, өзінің түркиялық серіктесі «Trek Travel International» компаниясымен арада дау туындап отырғандығын мәлімдеген. Осы дау салдарынан «Almaz tourizm» туристік операторының клиенттерін Анталиядағы қонақ үйден шығара бастаған.
«Шұғыл жұмыстардың нәтижесінде жұмыс штабы құрылды. Біз жедел желіні іске қостық. Қазіргі уақытта туристер хабарласуда. Біздің ақпараттарымызға сәйкес Анталияда 18 турист бар. Біз Қазақстанның Анталиядағы консулдығымен тұрақты байланысып отырмыз. Қазіргі уақытта ол жақтағы туристердің барлығы қонақ үйлерде тұрып жатыр», - деді ол.
Сонымен қатар М.Иғалиевтің айтуынша, Туризм индустриясы комитеті Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігінен Түркияның жекелеген мекемелерімен орын алған ахуалға байланысты қазақстандық туристер үшін заңды шешімнің орын алуына қолұшын беруді сұрап хат жолдаған.
«Біз қазақстандық туристердің екі коммерциялық құрылымның бопсалау нысанына айналуына жол берілмеуі керектігін баса айттық. Сондай-ақ дәл осындай хат «Trek Travel International» компаниясына да жіберілді», - деді комитет төрағасы.