Қазақстандық туристер жылына 400 млн. долларды шетелдерге қалдырып жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық туристер жылына 400 млн. долларды шетелдерге қалдырып жатыр. Бүгін Мәжілісте еліміздегі туризм саласын дамыту перспективалары жайында өтіп жатқан Үкімет сағатында Индустрия және жаңа технологиялар вице министрі Нұрлан Сауранбаев осылай мәлімдеді.
Тоқтала кететін жайт, Үкімет сағаты барысында депутат Гүлмира Исімбаева еліміздегі туризм қызметінің сапасы мен бағасына қатысты мәселе көтеріп, сұрақ қойған болатын. «Шындығында, қазақстандық туристердің басым бөлігі сыртқа шығып отыр, «үйімізде» қабылдау көрсеткішін арттыратын деңгейге жеткен емеспіз. Бұған мемлекеттік те, жергілікті орындарда да тиісті қаражат қамтылмай отыр. Жалпы, алғанда Қазақстанның туристік саласындағы теріс сальдо 400 млн. долларды құрайды. Яғни, сыртқа шығып жатқан туристеріміз осынша қаражатты шетке қалдырып жатыр», - дейді вице министр.
Оның айтуынша, еліміздегі туристік қызметтің бағасына бірқатар факторлар әсер етіп отыр. «Мәселен, туризм үшін кәсіпкерлер қонақ үй салғысы келсе, ол үшін сатып алатын жердің құны әжептәуір. Сосын, оған тартылатын инфрақұрылымның да басқа да күрделі шығындар зор. Екіншіден, бізде туристік нысандардың басым бөлігі жазда, демалыс маусымында ғана жұмыс істеп келеді. Жазда ғана істеген соң, ол демалыс орындары күз бен қыстағы шығындарын сол арқылы жапқысы келеді», - деп жауап берді Н. Сауранбаев.