Қазақстандық тұтынушылар қандай қызмет түріне жиі шағым жасайды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін - дүниежүзілік тұтынушылар күні. Осы орайда елімізде отандық тұтынушылардың көбіне қандай қызмет түрі бойынша шағым жасайтыны айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық тұтынушылар қандай қызмет түріне жиі шағым жасайды

«Жыл сайын 15 наурыз дүниежүзінде тұтынушылар күні ретінде аталып өтеді. Өткен жылы біздің комитет отандық тұтынушылардан келіп түскен 25 223 өтінішті қарады. Оның 55 пайызы - бөлшек саудаға тиесілі, 15 пайызы - тұрмыстық қызмет, 5 пайызы - электронды сауда, 4 пайызы - тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын және 3 пайызы көлік саласына қатысты. Бөлшек сауда бойынша тауарды 14 күннің ішінде кері қабылдаудан бас тарту жағдайы 34 пайызды құрады. Сонымен қатар өнімге қатысты ақпаратты ұсынбаған жағдай 12 пайызға жетті», - деді тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі мемлекеттік саясатты қалыптастыру басқармасының басшысы Рамазан Баранов БАҚ өкілдерімен кездесу барысында.

Сондай-ақ, басқарма басшысы өткен жылы жөндеу жұмысын жүргізу және жиһаз жасауға қатысты тұтынушылар тарапынан айтарлықтай шағымның барын жеткізді.

Одан бөлек, 2021 жылы электронды сауда қызметін қолданушылардан (27 пайыз) тауарды кері қайтаруда проблема болғаны айтылды.