Қазақстандық үш боксшы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының финалына шықты
АСТАНА. 15 қыркүйек. ҚазАқпарат - Киевте өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы бокстан әлем чемпионатының ақтық сынына үш қазақстандық былғары қолғап шебері жолдама алды.
Бүгін Абылайхан Жүсіпов, Рахат Маржықпаев және Қадырбек Садықбек чемпиондық атақ үшін шаршы алаңға көтерілетін болады.
Кеше жартылай финалдық кездесуде 57 келі салмақ санатында жұдырықтасқан Абылайхан Жүсіпов түрік спортшысы Онур Арсланды 3:0 есебімен ұтқан еді. 66 келіге дейін салмақта шаршы алаңға көтерілген Рахат Маржықпаев та өзбекстандық қарсыласы Эльдар Маржановтан дәл осындай есеппен басым түсті. Ал 70 келіде жұдырықтасқан Қадырбек Садықбек ресейлік Владимир Харченкодан айласын асырды.
Айта кетерлігі, қазақстандық бес боксшы, атап айтқанда Әлімжан Бескемпір (46 кг), Серік Теміржанов (48 кг), Стоян Мазур (50 кг), Бауыржан Темірхан (52 кг), Дмитрий Зиско (+80 кг) әлем біріншілігінің қола жүлдесін иеленген еді.