Қазақстандық үш боксшының промоутерлік компаниясы жұмысын қайта бастады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавирус пандемиясына байланысты үзіліс алған «Eye of the Tiger Management» канадалық промоутерлік компания бокс кештерін ұйымдастыруды қайта бастады. ҚазАқпарат бұл туралы ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі «Қазақстанның кәсіпқой боксы» парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
«Бізде жақсы жаңалық: Бокстасуды қайта бастаймыз. Иә, біз оралдық!», - промоутерлік компанияның Instagram-аккаунтында.
«Eye of the Tiger Management» шоуларының таяу уақыттағы даталары әзірге белгісіз.
Еске салайық, аталмыш компания жеңіліп көрмеген қазақстандық үш боксшымен жұмыс істейді – Батыр Жүкембаев (18-0, 14КО), Садриддин Ахмедов (11-0, 10КО) және Нұрзат Сабыровпен (11-0, 9КО).
Пандемия басталғанға дейін биыл өз жекпе-жектерін Жүкембаев пен Сабыров өткізіп үлгерді. Біріншісі мексикалық қарсыласы Рикардо Лароны (22-8, 10КО) екінші раундта нокаутқа түсірсе, Сабыров Мексиканың өзге өкілі Рикардо Флоресті (22-8-1, 14КО) төрешілердің бірауызды шешімімен жеңді.