Қазақстандық үш спортшы ерлер арасындағы қол күресінен Әлем чемпиондары болды
АСТАНА. 30 наурыз. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазақстандық үш спортшы ерлер арасындағы қол күресінен Әлем чемпиондары болды.
Қол күресінен ерлер арасындағы алғашқы Әлем чемпионаты үстіміздегі жылғы 26-28 наурыз күндері аралығында Мәскеу қаласында өтті. Чемпионатқа әртүрлі елдерден келген 130 спортшы қатысты (барлығы 23 команда).
Қазақстанның спортшылары байрақты додада намысты қолдан бермей, үлкен шеберліктерін көрсете алды. Нәтижесінде, Республикалық «Ұлан» гвардиясының әскери қызметкері Руслан Мұхамбаев (70 келі салмақ дәрежесінде), ҚР Президенті Күзет қызметінің қызметкері Ернар Мырзағалиев (75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде) және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері Руслан Аушев (95 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде) алтыннан алқа тағынып қайтты.
Сондай-ақ ҚР Президенті Күзет қызметінің қызметкерлері Әсет Төлеуов (60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде) пен Мардан Бұздаев (65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде) және Оңтүстік Қазақстан облысының спортшысы Бекзат Бектеміров (80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде) қоржынға бір-бір қоладан салды.
Республикалық гвардиядан мәлім еткендей, Әлем чемпионы атанған сержант Р.Мұхамбаев, Ұлттық гвардияға әскери қызметке келгелі бері өзінің шеберлігін айтарлықтай шыңдап үлгерген. Мәселен, ол Қол күресінен әлем кубогында (Филадельфия, АҚШ) - үшінші орын, Қол күресінен ресейлік халықаралық турнирде (Мәскеу қаласы, Ресей) - екінші орын, Республикалық гвардия қолбасшысы кубогында (Астана қаласы) - бірінші орын және Қаза болған құқық қорғау органдары қызметкерлерін еске алуға арналған халықаралық турнирде (Ташкент, Өзбекстан) - үшінші орынды иеленді.
Аталмыш спорт түрінен қазақстандық шеберлердің халықаралық деңгейдегі түрлі жарыстарға қатысуы, Елбасының қызу қолдауынан мүмкін болып отыр. Қазақстанда қол күресімен және спорттың басқа түрлерімен айналысуға барлық жағдайлар жасалған. «Республикалық «Ұлан» гвардиясының қолбасшысы генерал-лейтенант Абай Тасболатов та, шеберліктерін арттыруға талпынған әскерилерге жан-жақты қолдау білдіріп, жағдайлар жасауда», - деп атап өтті Республикалық гвардияның Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс бөлімінен.