Қазақстандық үшінші боксшы Әлем чемпионатын аяқтады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 64 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі спортшымыз Бекдәулет Ибрагимов Гамбургте өтіп жатқан бокстан Әлем чемпионатында өзінің екінші айқасын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бекдәулет Ибрагимовтың қарсыласы армян боксшысы Ованес Бачков болды. Тартысты додада аздаған есеп айырмасымен Армения өкілі жеңіске жетті, есеп - 3:2.

Бүгін Әлем чемпионатындағы жекпе-жектерін сондай-ақ Әбілхан Аманқұл (75 келіге дейін), Жомарт Ержан  (49 келі) мен Қайрат Ералиев  (56 келі) өткізген болатын. Қарсыластарынан басым түскен олар, ширек финалға жолдама алды. Енді  29 тамызда Жомарт ресейлік Василий Егоровпен, Қайрат неміс Омар Эль-Хагпен, Әбілхан кубалық Арлен Лопеспен қолғап түйістіреді.

Еске салайық, бұған дейін тағы екі спортшымыз - Азамат Исақұлов (52 келі) пен Әділет Құрметов (60 келі) турнирдегі жарысын аяқтаған болатын.

25 тамызда басталған Бокстан әлем чемпионаты тоғыз күнге жалғасып, 2 қыркүйек күні мәреге жетеді. Қазақстан құрамасы барлық 10 салмақ дәрежесінде сынға түсетін болады. Олар  - 49 келі салмақта Ержан Жомарт, 52 келі салмақта Азамат Исақұлов, 56 келі салмақта Қайрат Ералиев, 60 келіде Әділет Құрметов, 64 келіде Бекдәулет Ибрагимов, 69 келіде Абылайхан Жүсіпов, 75 келіде Әбілхан Аманқұл, 81 келіде Ерік Әлжанов, 91 келіде Василий Левит және аса ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаев.

Байрақты додада әлемнің 85 елінен 280 боксшы бақ сынауда.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram