Қазақстандық ватерполшылар Әлем Кубогында 6 -шы орында иеленді

Осылайша, Алматының Орталық жүзу бассейнінде су добы бойынша өтіп жатқан Әлем Кубогында Қазақстан ұлттық құрама командасы соңғы ойынын жеңіліспен аяқтап, 6-шы орынға тұрақтады.
Бұған дейін Сергей Дроздовтың шәкірттері Черногория командасын 9:8 есебімен жеңген болатын. Кубок аясындағы бұл жалғыз жеңіс Қазақстандықтарға алдағы жылы Ресейде өтетін Әлем біріншілігіне қатысуға мүмкіндік береді.
Ал бүгінгі ойында отандастарымыз тек алғашқы кезеңде ғана азулы қарсыластарымен тең дәрежеде ойнады. Есеп 1:1. Бұған дейін Черногориямен болған ойынға көп күш жұмсағандықтан ба, екінші кезеңде қазақстандық ватерполшылардың шаршағандығы байқалды. Қорғаушылардың жиі жіберген қателіктерін ұтымды пайдаланған австралиялықтар бұл кезеңде айқын басымдықпен жеңді. Есеп 2:5. Келесі екі кезеңде де ойын сипаты өзгере қойған жоқ. Жасыл құрлықтың өкілдері қателіктерге бой алдырмай, сенімді түрде ойнады. Үшінші кезең 2:4, төртінші кезең 1:2. Қорытынды есеп 6:12.
Бұған дейін де Австралия құрама командасы осы Әлем Кубогы аясында қазақстандықтармен кездесіп, 11:8 есебімен жеңіп кеткен болатын. Одан басқа, қазақстандықтар Венгрия командасынан 9: 5, Хорватия командасынан 7:14 және Сербия құрамасынан 10:16 есебімен жеңілген-ді.
Бүгін Әлем Кубогының соңғы күні. Бірнеше минуттан кейін Сербия мен Венгрия құрама командасы Әлем Кубогын сарапқа салады.