Қазақстандық велошабандоз Әлем кубогының иегері атанды
«Track Team Astana» командасының 25 жастағы спортшысы Никита Панасенко әлемдегі ең мықты велосипедшілерді басып озып, ұпай бойынша жарыста жеңімпаз атанды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА Қазақстан велоспорт федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Ұпай бойынша жарыстың жалпы қашықтығы 30 километрді құрады. Негізгі тартыс алғашқы сәттен-ақ алға суырылып шыққан грек велошабандозы Кристос Воликакис пен Никита Панасенко арасында өрбіді. Сауатты айла-әрекет қолдана алған қазақстандық спортшы қарсыласын шаң қаптырып кетті.
Жарыс нәтижесі бойынша Воликакис екінші орын, итальян Лиам Бертаццо үшінші орын алды.
Айта кетейік, Әлем кубогының бірінші кезеңі 5 қарашаға дейін жалғасады, Кубоктың келесі кезеңдері 10-12 қарашада Ұлыбританияда, 2-3 желтоқсанда Канадада, 9-10 желтоқсан аралығында Чилиде және 19-21 қаңтар күндері Беларусьте өтеді. 2018 жылдың 28 ақпанынан 4 наурызына дейін Нидерландыда маусымның басты оқиғасы - велотрек бойынша әлем чемпионаты өтеді.