Қазақстандық волейболшы қыздар Әлемдік Гран-придің үшінші кезеңін сәтсіз бастады

АЛМАТЫ. 16 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда волейболдан әйелдер арасындағы "К" тобындағы командалар арасында ХХІ Әлемдік Гран-при турнирінің үшінші туры басталды.

Қазақстандық волейболшы қыздар Әлемдік Гран-придің үшінші кезеңін сәтсіз бастады

Бразилия мен Куба волейболшыларының ойынымен басталған бұл сайыс 3:0 есебімен аяқталды. Одан кейін Қазақстан мен Нидерланды спортшылары арасындағы екінші ойында есеп керісінше 0:3 боп аяқталды. Александр Гутор жаттықтыратын алаң қожайындары ертең кубалықтармен, ал бразилиялықтар нидерландықтармен күш сынасады. Үшінші турдың ақтық ойындары жексенбі күні өтеді. Онда Куба мен Нидерланды, Қазақстан мен Бразилия құрамалары кездесетін болады.

Халықаралық волейбол федерациясы (FIVB)рейтингінде қазір Бразилия - 2-ші, Куба - 13-ші,Нидерланды - 20-шы, Қазақстан - 30-шы орында тұр. Сондай-ақ қазақстандықтардың өзге қарсыластарына қарағанда Әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындары сияқты ірі додалардағы көрсеткіші төмен. Мәселен, Олимпиада ойындарында кубалықтар - үш рет, бразилиялықтар - екі чемпион атанса, нидерландылықтар командасы 1996 жылы үздік бестікке енді. Ал қазақстандықтардың ең жоғарғы көрсеткіші 2008 жылы Бейжіңде қол жеткізген тоғызыншы орын болып отыр.