Қазақстандық волейболшы қыздар Азия чемпионатында 5-орын үшін таласатын болды
АЛМАТЫ. 20 қыркүйек. ҚазАқпарат - Волейболдан Таиланд еліндегі Накхонратчасимада өтіп жатқан әйелдер арасындағы ХVII Азия чемпионатында 5-8-орындар үшін өтіп жатқан сайыста Қазақстан құрамасы бүгін Иран спортшыларын 3:1 есебімен ұтты.
Ертең енді 5-орын үшін Тайбэй - Вьетнам командалары арасындағы ойынның жеңімпазымен кездеседі. Жалпы бұл дүбірлі додада 1/8 финалға дейін қарсыластатрын бет қаратпаған Александр Гутор жаттықтыратын ел құрамасы бұл сында вьетнамдықтарды 3:0 есебімен ұтқанымен, жапондықтарға 1:3 есебімен есе жіберген еді. Одан кейін ширек финалда Оңтүстік Корея спортшыларынан 0:3 есебімен жеңіліс тапты. Соның нәтижесінде жүлделі орынға таласу мүмкіндігінен айырылды. Дегенмен, өткен жылғы көрсеткішін жақсартып, алғашқы 8-діктің қатарына енген болатын. Енді үздік бестіктің арасынан орын алуға мүмкіндік алып отыр.