Қазақстандық «WikiBilim» қоры 2011 жылдың ғаламдық википедияшысы атанды
АЛМАТЫ. 11 тамыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ -Тамыздың 4-7 күндері Ираильдің Хайфа қаласында өткен «Wikimania-2011» конференциясының қорытындысы бойынша Қазақстандық «WikiBilim» қоры 2011-жылдың ғаламдық википедияшысы атағын иеленіп (Global Wikipedian of the Year), Википедияның негізін қалаушы Джимми Уейлстің (Jimmy Wales) арнайы грантын жеңіп алды.
Жыл сайын әр жерде өтетін бұл шараға биыл әлемнің 56 елінен 700-ге тарта делегат қатысқан болатын.
«Wikibilim»қоғамдық қорының бастамасымен қолға алынған «Қазақша википедия» жобасының мақсаты - википедия ғаламдық энциклопедиясындағы қазақша материалдарды көбейту және қазақстандық википедияшылардың қауымдастығын құру. Оған - «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры бас демеуші болып отыр. Жоба жүзеге асырыла бастағанын 3 айдың ішінде википедиядағы қазақша мақалалар саны 7-ден 70 мыңға дейін ұлғайды, энциклопедияны қазақ тілінде белсенді пайдаланушылар саны 4-тен 231адамға дейін жеткен. «Wikibilim» қорының бұл жетістігі әлем википедияшылары арасындағы биылғы жылдың ең үздік нәтижесі деп танылды. Wikimania конференцияның жабылу салтанатында сөз алған Джимми Уейлс: «қазақ википедиясы қысқа мерзімде зор нәтижеге қол жеткізіп отыр. Осыны ескере отырып, жыл сайын тағайындалатын ғаламдық википедияшы атағына биылғы жылы қазақстандық «Wikibilim» қоры лайықты деп ұйғарылды. Біз қазақ тіліндегі википедияны дамыту жобасын өз тіліндегі білім мен мәдениетті дамытқысы келетін басқа елдер арасында кеңінен насихаттауымыз керек», - дегенді айтты. Оны «Wikibilim» қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы желтоқсан айында Қазақстандағы «Қазақша википедия» жобасының алғашқы кезеңінің қорытындысын шығаруға қатысуға шақырды. Шақыруды қабыл алған Джимми Уейлсті бұл сапарында Астана мен Алматыда болып, қазақ және басқа да Орталық Азия тілдеріндегі википедия бөлімдерінің дамуын жан-жақты талқылауды ұсынды. Сондай-ақ аймақтық вики-конференция ұйымдастыру мақсатында Wikibilim қорына өз атынан арнайы грант тағайындайтынын мәлімдеді.