Қазақстандық заң ғылымының қалыптасуы - ең алдымен академик Зимановтың еңбегі - Мұхтар Құл-Мұхаммед
АСТАНА. 16 ақпан. ҚазАқпарат /Айнұр Кенебаева/ - Қазіргі таңдағы қазақстандық заң ғылымы кешегі Кеңес одағындағы, Орталық Азиядағы кеңінен танылған заң ғылымы болып қалыптасса, бұл ең алдымен бүкіл өмірі халқына, еліне, сол халқының руханиятына қызмет етуге арналған академик Зимановтың еңбегі.
Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Салық Зимановтың 90 жылдық мерейтойына орай өткізілген «Заң ғылымы және Зиманов қолтаңбасы» тақырыбындағы дөңгелек үстелде ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед осылай деді.
Айта кетелік, Салық Зиманов - көрнекті заңгер, отандық заң, философия мен құқық ғылымдарының қалыптасуына үлкен үлес қосқан Қазақстандағы қоғамдық-саяси ой тарихының шежірешісі, ұлттық әдет-ғұрып құқығын зерттеуші ғалым. Сонымен қатар кеңестік кезеңнің салқын саясатынан жасқанбай Бөкей Ордасының тарихын жаңа көзқараспен тереңінен зерттеген, Жәңгір ханның прогрессивтік қызметін дәлелдейтін тың ойларға негізделген зерттеу еңбектер жазған тұлға.
«Салық Зиманов - Желтоқсан оқиғасы кезінде біздің ұлттық зиялы қауымның еңсесі езіліп, қабырғасы сөгіліп тұрған шақта жастарды қорғап алаңға шыққан, Колбиннің көзінше қазақ мемлекеттілігінің көне тарихын қозғаған, Лениндік ұлт саясатының халықты езгіге салуға бағытталмағандығын айтып, басшылар қателігін бетіне басқан батыр азамат», - деді М.Құл-Мұхаммед.
Шара барысында академиктің Қазақстан Республикасы мемлекеттігінің қалыптасу тарихында алатын орны жайлы пікірлер ортаға салынып, ғалымның өнегелі өмір тарихы мен қоғамдық қызметі жайлы сыр шертетін баяндамалар жасалды.
Дөңгелек үстелге ҚР ҰҒА академигі Жабайхан Мүбәрак, Сенат депутаты Қуаныш Сұлтанов қатысты.