Қазақстандық зауыттар К-4 және К-5 стандарттарындағы мұнай өнімдерін шығарады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстанның барлық мұнай өңдеу зауыттары 2018 жылға дейін К-4, К-5 стандарттарына ауысып үлгере ме деген сұраққа жауап берді.
Министрлік басшысының хабарлауынша, Шымкенттегі МӨЗ негізгі қондырғыларды, оның ішінде отынды гидротазарту қондырғысын жөндеу бойынша жұмыстарды аяқтады.
«Бұл К-4, К-5 стандарттарындағы отынды өндіруге мүмкіндік беретін басты қондырғылар және Шымкент МӨЗ бұл отынды еш кедергісіз өндіре алады. Атырау мен Павлодар мұнай өңдеу зауыттарына келер болсақ, олардың үлгеру-үлгермеуі қараша айында белгілі болмақ. Дегенмен, үлгереді деп толық сеніммен айта аламын», - деді Қанат Бозымбаев.