Қазақстандық «Зере» фильмі Минск кинофестивалінде көрсетілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстандық «Зере» фильмі «Лістапад» кинофестивалінде жүлделі орынға ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы таратқан мәліметке сенсек, халықаралық Минск кинофестивалінде үздік дыбыстық (музыкалық) шешім үшін жүлде қазақстандық композитор Дана Зулпыхарға «Зере» фильміндегі жұмысы үшін берілді.

«Лістапад» - Беларусьтегі кино саласының ең ірі фестивальдерінің бірі. Биыл фестиваль 4-11 қараша аралығында өтті. Оған отандық режиссер Дәурен Қамшыбаевтың «Зере» толықметражды картинасы қатысты.

Айта кетейік, «Зере» фильмі «Қазақфильм» киностудиясы, Qara Production, Libertus Film, cinema D және Жамбыл облыстық кино орталығының қолдауымен түсірілді.

«Зере» - қазақстандықтарға жақын сюжеті бар драма. Ол күйеуінің қайғылы қазасынан кейін қызын ауылдағы ең бай және ықпалды адамға әйел ретінде сатпақ болған кезде анасының еркіне қарсы шыққан бостандықты сүйетін қыз туралы. Бірақ Зере тәкаппар Талап есімді балықшы жігітке ғашық болып, жасырын үйлену үшін онымен бірге қашып кетеді.

Кинокартинада басты рөлдерді Адина Бажан, Сануржан Сүлейменов, Мұрат Бисембин, Берік Айтжанов, Ольга Ландина, Елжас Рахим және басқа да актерлер сомдады. Фильмнің түсірілімі Балқаш көлінің маңында, Мойынқұм құмдарының фонында орналасқан Тайсойған балық аулау аралында өтті.

Сондай-ақ қыркүйек айының соңында Мәскеудегі «Киношок» фестивалінің толықметражды фильмдер байқауында қазақстандық «Зере» фильмі Үздік музыка номинациясын жеңіп алған болатын.


Соңғы жаңалықтар